Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылып жатқан халықаралық "Еуразия барысы" турнирінде Қазақстан құрамасы финалда Моңғолияны 6:2 есебімен жеңді.
Қазақстан құрамасы жартылай финалда Грузияны 6:2 есебімен жеңіп, финалға шықты, ал олардың қарсыласы Моңғолия құрамасы Украина балуандарын 6:2 есебімен жеңген болатын.
Сайысқа 8 елден барлығы 130 спортшы қатысты. Турнир жеңімпазына 10 миллион теңге, екінші орынға 6 миллион теңге, ал үшінші орын алған Грузия балуандарына 4 миллион теңге табысталды.
Бұл бәсекеде 55 келіде - Марат Нығыматұллаев, 60 келіде - Ержан Мағауинов, 66 келіде - Бақдәулет Сәбитов, 74 келіде Aйдос Ғалымов, 82 келіде - Дәулет Пахриддинов, 90 келіде - Айбол Айтбек, 100 келіде - Мұхит Тұрсынов, + 100 келіде - Айбек Нұғымаров ел намысын қорғады.
Еске салайық, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып ұйымдастырылған "Еуразия барысы" халықаралық турнирінің финалында қазақ балуандары өзбек балуандарын 5:2 есебімен жеңген болатын.
Дерек көзі: kaz.tengrinews.kz