Алматының "Қайрат" футбол клубына бас жаттықтырушы болып беларусь маманы Алексей Шпилевский тағайындалды. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлады.
Команда бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев бүгін бас жаттықтырушыны ойыншылармен ресми түрде таныстырды. Алексей клубқа өз көмекшілерін ерте келген. Оған Христос Пападопулос пен Томми Яниген көмектеседі.
Клуб пен жаттықтырушы арасындағы келісімшарт мерзімі әзірге белгісіз. Сондай-ақ маусым соңында команданы жаттықтырған Андрей Карпович қандай қызметте қалатыны жайлы әлі айтылмады.
30 жастағы беларусь маманы Германияның "Штутгарт" және "Лейпциг" клубтарында қызмет атқарған. Футболдағы мансабын арқасынан алған жарақатына байланысты ерте аяқтаған.
2011 жылы "А" санатындағы жаттықтырушылық лицензиясын алып, Штутгарт академиясында қызметін бастаған. 2013 және 2018 жылдар аралығында "Лейпциг" футбол клубында жаттықтырушылар қатарында болған.
Жазда Беларусь елінің "Динамо-Брест" клубында жарты айға жуық жаттықтырушылық жасаған.
Айта кетейік, биыл "Қайрат" ел премьер-лигасында екінші орын алды. Сондай-ақ Қазақстан кубогын жеңіп алды.