Алматының «Қайрат» футбол клубын ресейлік жаттықтырушы Александр Бородюк жаттықтыруы мүмкін. Бұл туралы ресейлік басылымдар хабарлауда.
Бейресми деректер бойынша, клуб пен жаттықтырушы біржылдық келісімшартқа қол қойған. Қаржылай келісімі мәлім болған жоқ. Александр Бородюк жаңа қызметіне байланысты мәлімдеме жасаған жоқ. Дүйсенбі күні хабарлайтынын айтқан. Осы күні «Қайрат» та Александр Бородюкті ресми түрде бас жаттықтырушы қызметіне бекітуі бек мүмкін.
54-жастағы маман бұған дейін «Крылья Советов», «Торпедо», секілді клубтар мен Ресейдің жастар құрамасында бас жаттықтырушы қызметін атқарған. Сондай-ақ Ресей ұлттық құрамасының да қосалқы бапкерлері қызметін атқарған. Гус Хиддинк пен Дик Адвокаттың көмекшісі болған.
Айта кетейік, өткен маусымдағы ел чемпионатында күміс жүлдені жеңіп алған «Қайрат» бас жаттықтырушылары Владимир Вайсспен келісімшарт мерзімін ұзартпаған болатын.