Футболдан ел премьер-лигасының ХХV тур ойындары жалғасуда. Алматының «Қайрат» клубы сырт алаңда «Атырауды» 2:1 есебімен турнир кестесінде қайта көш бастады.
ХХV турдың ойындары кеше басталған болатын. Шымкентте елордалық «Астана» жергілікті «Ордабасыны» 3:2 есебімен ұтты. Жеңіс голын қосымша уақытта Танат Нөсербаев соққан-ды.
Бүгін «Қайрат» «Атырауды» жеңіп, көш тізгінін қайта қолға алды. Бірінші таймда алаң иелері жеңіп шыққанмен, екінші таймда Бауыржан Исламхан мен Жерар Гоудың соққан голдары алматылық ұжымға жеңіс сыйлады. Десе де екінші орында тұрған «Астананың» «Қайраттан» бір ойыны кем. «Атырау» мен «Астана» арасындағы ойын кейінге шегерілген еді.
«Тараз» өз алаңында «Оқжетпесті» үш доп басымдығымен жеңіп тұрып, тең ойнап қалды. Алаң иелері сапынан Әлішер Сүлей, Тимур Досмағамбетов пен Санат Жұмаханов гол соқты. Ал ойынның негізгі уақыты аяқталуына 12 минут қалғанда «Оқжетпес» ойыншылары алға ұмтылып есепті қысқартты. Алдымен Данияр Нүкебай есепті қысқартса, қосымша уақытта Сергей Гридин мен Иван Цветков гол авторлары атанды.
Павлодардың «Ертіс» клубы өз алаңында «Ақтөбені» ұтты. Алаң иелеріне жеңіс сыйлаған голды 83 минутта Қазбек Гетериев соқты.
ХХV тур ойындары ертең қайта жалғасады. Екінші алтылықта қарағандылық «Шахтер» мен талдықорғандық «Жетісу», «Қайсар» (Қызылорда) мен «Тобыл» (Қостанай) 3 ұпайды өзара сарапқа салатын болады.