"Қайрат" пен "Ақтөбе" Чемпиондар лигасындағы екінші жеңістерін тойлады

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Нұржамал Үсенова>
"Қайрат" пен "Ақтөбе" Чемпиондар лигасындағы екінші жеңістерін тойлады
Фото ©️ vesti.kz

"Қайрат" пен "Ақтөбе" футзал клубтары Чемпиондар лигасындағы екінші жеңістерін тойлады. Алматылық ұжым Косовода Португалияның "Спортинг" командасын ұтса, ақтөбелік клуб Хорватияда Финляндияның "Кампуксен Динамо" командасы қақпасына жауапсыз үш гол соқты.

БӨЛІСУ

Кака жаттықтыратын алматылық командаға лиссабондық клуб басты бәсекелес ұжымдардың бірі. Түнде өткен ойында "Қайрат" қарсыластарынан бір бас жоғары екенін байқата білді. Ойында 2:1 есебімен жеңіске жетіп, 6 ұпаймен алматылық команда топ тізгінін ұстады.

Ойындағы үш гол да бірінші таймда соғылды. "Қайрат" сапынан Тайнан мен Ранжел Тайан гол соқса, "Спортингтің" бір голын Эрик Мендонка өз еншісіне жазды.

"Қайрат" топтағы соңғы ойынын 6 қазан күні Беларусь командасы "Лидаға" қарсы өткізеді.

"Ақтөбе" "В" кезеңі бойынша топтағы ойындарын Хорватияда өткізуде. Бірінші ойында Грузияның ТМЦ командасын 6:2 есебімен ұтты. Ал түнде Финляндияның "Кампуксен Динамо" командасын 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Ойында үш голды да ұлттық құрама ойыншысы Альберт Акбаликов соқты. Келесі ойынын 6 қазан күні түнде Хорватияның "Ново Вриемо" командасына қарсы өткізеді.

Айта кетейік, футзалдан 2001/2002 жылдар маусымынан бері өткізіліп келе жатқан UEFA кубогы додасы биылдан бастап Чемпиондар лигасы болып, атауы мен мәртебесін өзгерткен. Әрі қатысушы командалар саны да артты. 

Футзалдан Чемпиондар лигасына елімізден "Қайрат" (Алматы) пен "Ақтөбе" қатысуда. Бірақ екеуі әр түрлі жолмен іріктелетін топтарға жіктелген. "Қайрат" азулы командалар қатарында, "А жолымен" екшеледі. Яғни әр топтан келесі кезеңге үш команда шығады. Ал "Ақтөбе" – әр топтан бір команда ғана жартылай финалдық додаға шығатын төрт топтың бірінде. Мұндағы командалардың дейгейлері – сәл төмендеу. UEFA мұны "В жолы" деп атаған.