Бүгін, 21 қарашада «Астана-Арена» стадионында «Астана» мен «Қайрат» клубтары арасында футболдан Қазақстан Республикасы кубогының финалы өтіп, алматылық Қайрат клубы 1:2 есебімен жеңіске жетті.
Екі клуб арасындағы ойынның алғашқы минуттарында Қайрат клубы басымдылық танытып, бірнеше мәрте Эрич қақпасына қауіп төндірді. Алайда оған қарамастан Астана футболшысы Патрик Твумаси 28 минутта өз айласын іске асырып, Плотников қақпасына гол соқты. Соғылған жалғыз голдан кейін бірінші тайм 1:0 есебімен аяқталды.
Екінші таймда Қайрат клубы бірден шабуылға көшіп, 28-нөмірдегі Деспотович 48-минутта есепті теңестіріп үлгерді. Араға 21 минут салып Деспотович аяғына түскен добын Астана қақпасына дәл бағыттап, дубль жасады. Ойынның басты уақытында қос команда да айтарлықтай үлкен шабуылдармен көзге түспей, өз ойыншыларын ауыстырумен болды.
Бас төреші ойынның негізгі уақытына қосымша 5 минут қосты. Бірақ та бұл Астана клубы үшін нәтижесіз аяқталып, есеп 1:2 болды.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылы Астана командасы Ақтөбені 1:0 есебімен жеңіп, қатарынан екі мәрте Қазақстан премьер-лигасының чемпионы атанған болатын.