«Қайрат» жастары тбилисилік «Динамоны» қарымта ойында да ойсырата ұтты

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
«Қайрат» жастары тбилисилік «Динамоны» қарымта ойында да ойсырата ұтты
Фото ©️ vk.com

Футболдан 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Чемпиондар лигасында Алматының «Қайрат» клубы өз алаңындағы қарымта ойында тбилисилік «Динамоны» 5:1 есебімен ойсырата ұтты. Бірінші ойында қарсыластарын 3:0 есебімен тізе бүктірген еді.

БӨЛІСУ

Алматының орталық стадионында өткен ойында грузиялық ұжымның жастары бірінші есеп ашты. 7 минутта Гиоргий Чакветадзенің голы бірінші таймда командасын алға шығарды. «Қайрат» жастары екінші таймда барып таразы басын теңестірді. Бірінші болып Акмаль Бактияров гол соқса, 71 минутта Максим Котов қазақстандық клубты алға шығарды. Ал соңғы 10 минутта «Қайрат» жастар қарсыластар қақпасына үш гол соға білді. Жандос Сұлтан, Артем Попов пен Рамазан Оразов гол авторлары атанды.

«Қайрат» (U-19) жастары екінші іріктеу кезеңінде «Ред Булл Зальцбург» (Австрия) – «Вардар» (Македония) арасындағы ойынның жеңімпазымен кездеседі. Бірінші ойында австриялық ұжым қарсыластарын 5:0 есебімен ұтқан болатын. Қарымта ойын бүгін түнде өтеді.

Айта кетейік, футболдан жасөсіпірімдер арасындағы Чемпиондар лигасы 2013 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жарысқа 19 жасқа жетпеген футболшылар қатысады. Жарыстың топтық кезеңі мен ережелері ересектер арасындағы додаға ұқсас. Топта 32 команда қатысады. Соңғы екі жылда лондондық «Челси» жастары чемпион атанған болатын.