Футболдан 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Чемпиондар лигасында Алматының «Қайрат» клубы түзде тбилисилік «Динамоны» ұтты. Нәтижесінде алғашқы кезеңнен өтуге нықтап қадам жасады.
Қазақстандық клуб жарыстың алғашқы кезеңіндегі қарсыластарын 3:0 есебімен ұтты. «Қайрат» жастары ойындағы үш голды да екінші таймда соқты. Алғашқы екі гол алаң иелері қақпашысының қателігінен кірді. Максим Котов ойындағы бір голды соқса, Акмаль Бахтияров дубль авторы атанды.
Қос клуб арасындағы қарымта ойын 19 қазан күні Алматының Орталық стадионында өтеді. Екі ойын қорытындысы бойынша басым түскен команда «Ред Булл» (Австрия) – «Вардар» (Македония) арасындағы кездесудің жеңімпазымен ойнайды. Бірінші ойында австриялық ұжым қарсыластарынан 5:0 есебімен басым түсті.
Айта кетейік, футболдан жасөсіпірімдер арасындағы Чемпиондар лигасы 2013 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жарысқа 19 жасқа жетпеген футболшылар қатысады. Жарыстың топтық кезеңі мен ережелері ересектер арасындағы додаға ұқсас. Топта 32 команда қатысады. Соңғы екі жылда лондондық «Челси» жастары чемпион атанған болатын.