Алматылық «Қайрат» футзал клубының аты өзгермейтін болды. Осыған дейін клуб аты «Астана-Қайрат» болып өзгеретіні туралы айтылған еді.
Алматылық ұжымның жаңа аты көп жанкүйерлер көңілінен шықпай, кеше ғаламтор желісінде үлкен дау тудырған еді. Бүгін клубтың ресми сайтында «Қайрат» футзал клубының президенті Қайрат Оразбеков команда атының өзгермейтінін хабарлады.
- Құрметті жанкүйерлер! Біздің командаға шын жүректен қолдау білдіріп келе жатқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Ең біріншіден, ресми түрде «Қайрат» футзал клубының аты өзгермейтінін мәлімдеймін. Алматы қаласы - команданың негізгі өнер көрсететін ордасы. Жиырма жылға жуық уақыт аралығындағы команданың бар жетістігі осы қала атымен тікелей байланысты. Бірлескен кәсіпорын қорын құру мен қолға алынған жобалардың барлығы елімізде шағын футболды дамыту үшін жасалып жатқан дүниелер. Алдағы жарты жыл көлемінде Алматы қаласында клубтың спорт кешені бой көтеретін болады. Сонымен қатар, қосымша қаржы мәселесі шешіліп жатса, клуб академиясындағы тәрбиеленушілер саны 250-ге дейін артатын болады. Тағы да жанкүйерлерге алғысымды білдіремін. Біз сіздерді әрқашан құрметтейміз, пікірлеріңізді де маңызды санаймыз. Сіздермен бірге УЕФА Кубогын жеңіп алуды мақсат тұтып отырмыз. Тағы да айта кетейін, біз ешқашан Алматы қаласынан өзге қалаға ауыспаймыз, және «Қайрат» клубының аты да өзгермейтін болады, - деді Қайрат Оразбеков.
Естеріңізге сала кетсек, кеше «Астана» Президенттік кәсіби спорт клубы мен «Қайрат» шағын футбол клубының арасындағы 2013 жылы 19 қарашада қол қойылған Меморандум шеңберінде «Астана-Қайрат» футзал клубы құрылатындығы айтылған еді.
Сурет: foxnews.kz