Ресейде футзалдан Еременко кубогы халықаралық турнирі басталды. Алматының «Қайрат» футзал клубы бірінші ойында алаң иелерінің «Дина» командасын ұтты.
Какау жаттықтыратын қазақстандық клуб қарсыластарын 4:2 есебімен ұтты. Команда сапында Диваней мен Алешандре қос-қос голдан соқты. Ал «Дина» командасы қатарынан Заболонков пен Багиров бір-бір голдан еншілеріне жазды. Сондай-ақ ресейлік клуб екі рет 10-метрлік және 7-метрлік айып соққыларын (пенальти) орындай алмады. Бірінде «Қайрат» қақпашысы Диего Ронкальо допты қайтарса, бірінде қарсылас команданың ойыншысы қиыс тепті.
«Қайрат» келесі ойынын 23 ақпан күні Беларусь елінің «Столица» клубына қарсы өткізеді. Ойын Астана уақытымен сағат 17:00-де басталады.
Төртінші рет ұйымдастырылып жатқан Еременко кубогы халықаралық турниріне Ресей, Қазақстан, Беларусь және Латвия елдерінен 6 команда қатысуда. Командалар екі топқа бөлінген. «Қайрат», «Дина» мен «Столица» клубтары арасындағы ойындар Троицк қаласында, өзге үш клуб арасындағы ойындар Климовскіде өтуде.
Айта кетейік, «Қайрат» Еременко кубогында екі рет жеңімпаз атанған. 2014 және 2016 жылдары жеңімпаз атанған болатын.