Алматылық «Қайрат» футбол клубының басшылығы бес футболшысының ойындар мен жаттығу жұмыстарынан шеттетілуіне байланысты мәлімдеме берді. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлап отыр.
Негізгі құрам ойыншылары Самат Смақов, Александр Кислицын, Михаил Бакаев, Заурбек Плиев және Дмитрий Хомичтің маусым соңына дейін ойындар мен жаттығу жұмыстарынан шеттетілуіне «Астанаға» қарсы ойында спорттық бабын көрсете алмай, сәтсіз ойнауы себеп болыпты. Клуб басшылығының бұл шешімімен бас бапкер Владимир Вайсс келіспейтіндігін де жеткізді. Жақын күндері шәкірттеріне жасыл алаңға оралу мүмкіндігін сыйламаса, қызметінен кететіндігін де жеткізді. Бірақ, алматылық клуб басшылығы аты аталған бес футболшымен келісімшартты бұзуды қарастырып жатқан жоқ екен.
Қазіргі ел премьер-лигасының көшін 36 ұпаймен бір ойыны кем «Астана» бастап келеді. Екінші орында Владимир Вайсс шәкірттері (35 ұпай) болса, үштікті 30 ұпаймен «Ақтөбе» қорытындылап тұр. ХХХ тур ойындары 26-27 қазан күндері өтеді.
Сурет: fckairat.kz