Қазақстандық ауыр атлет, төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин Катар астанасы Дохада өтіп жатқан халықаралық турнирге барғанмен, жарыс тұғырына шықпады.
109 келіге дейінгі салмақта бақ сынамақ болған отандасымыз қатысушылар тізімінде болған. Тіпті жұлқа көтеруде 180 келі, серпе көтеру жаттығуы бойынша 215 келіге тапсырыс бергені де жазылған. Әйтсе де Илья фаворит саналғанмен, зілтемірді көтеруге шыққан жоқ. Не себепті жарысқа қатыспай қалғаны әзірге белгісіз. Сондай-ақ украиналық ауыр атлет Дмитрий Чумак та бастапқыда тізімде болып, кейіннен жарысқа қатыспады.
Айта кетейік, Илья Ильин допинг дауынан кейін спортқа биыл оралған еді. Ел чемпионы атанды. Ашхабадтағы әлем чемпионатына денсаулығына байланысты қатыса алмаған. Ал Катардағы жарыс 2020 жылғы Олимпиадаға іріктеу аясындағы лицензиялық турнир болғандықтан маңызды саналған.
Дохадағы додаға Қазақстаннан 9 ауыр атлет барды. Осыған дейін Игорь Сон күміс, Нижат Рахимов қола медаль еншілеген болатын.