Мадридтік «Реалдан» біржола ауысқан қақпашы Икер Касильястың анасы Мари Кармен Фернандес ұлының жаңа клубының басшылығынан кешірім сұрады. Ол трансфер кезеңі алдында ұлына «Портуды» лайықты команда емес деп мәлімдеген еді.
Мари Кармен Фернандес пен футболшының әкесі ұлының «корольдік клубтан» кетпеуін өтінген-ді. Кеткен күннің өзінде «Портуға» емес, «Барселонаға» ауысқанын қалайтындықтарын сездірген еді. Сондай-ақ «Портуды» Испанияның Сегунда «В» біріншілігіндегі командалармен деңгейлес ретінде бағалаған болатын. Бірақ, ұлдарының ресми түрде «Портуға» ауысқанынан кейін өз сөздері үшін кешірім сұрады.
- Мен қателесіппін. Мүмкін, ашуланып тұрғанда аузымнан шыққан болар. «Портудың» ұлымды қатарларына қосқанына ризамын. «Порту» командасы алдында басымды мың рет иіп кешірім сұраймын. Менің ұлым жаңа ұжымында да ірі жетістіктерге жетеді деп ойлаймын, - деді Мари Кармен Фернандес «marca» басылымына берген сұқбатында.
Айта кетейік, Икер Касильяс алдағы екі маусымда «Порту» сапында ойнайтын болады. Егер қақпашы жаңа клубта сәтті өнер көрсетіп кетер болса, тағы бір жыл келісімшарттарын ұзартатын болады. Ал бүгін «Сантьяго Бернабеуде» футболшымен жанкүйерлердің қоштасу кеші өтеді.