Қазақстан ұлттық құрамасы 2014 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында өткен кездесуде Швеция құрамасынан жеңіліс тапты.
Елордадағы "Астана-Аренада" өткен кездесу 1-0 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді.
Төреші ысқырығы шалынысымен, Швеция құрамасы бірден шабуылға көшіп, ойынның 28-секундында қарсыластың көшбасшысы Златан Ибрагимович есеп ашты. Алайда жерлестеріміз тез арада естерін жинап, есепті теңестіруге тырысты. Қазақстандық ойыншылар бірнеше сәтті шабуыл ұйымдастырды, бірақ Андреас Исакссон қақпасына гол соға алмады.
Жалпы алғашқы таймды қорытындылай келгенде Қазақстандық ойыншылар терезесі тең ойын көрсете білді.
Үзілістен соң ойын одан сайын қыза түсті. Мирослав Беранек шәкірттері екінші таймның бірінші минуттарынан ойынды өз қолдарына алып, есеп теңестіруге ұмтылды. Қазақстандықтардың бірнеше рет гол соғуға да мүмкіндіктері болды, бірақ стадионға жиналған футбол жанкүйерлері соғылған голдың куәгері бола алмады.
Дайындаған: Ерғали Елдос
Сурет: sports.kz