Валийлік "Кардифф Сити" футбол клубының басшылығы трансферлік ісі бөлімінің басшысын жұмысынан босатты. Ал ол қызметке 23 жасар қазақстандық азамат орналасты. Бұл туралы metro.co.uk. сайты хабарлап отыр.
«Кардифф Сити» командасының трансфер ісі бөлімінің басшылығына қабылданған қазақстандық азаматтың есімі – Әлішер Апсалямов. Бұл тағайындау аздап дау да туғызып отыр. Өйткені Әлішердің бұл салада тәжірибесі мен білімі жоқ көрінеді. Ол ақпан айына дейін клубтың бас директоры Саймон Лиманың көмекшісі болып келген екен.
Қазақстандық азаматты бұл лауазымға тағайындаған «Кардифф Сити» командасының иеленушісі - Винсент Тан. Ал Әлішер Апсалямов аталған команда басшысы ұлының досы екен.
Әлішер Апсалямов - Қазақстан Республикасы Мәжілісінің экс-депутаты Ерболат Апсалямовтың ұлы. Сонымен қатар экс-депутат Forbes рейтингіндегі қазақстандық "қалталылар" арасында 37-орында екен. Байлығы - 160 миллион долларға бағаланған.
Естеріңізге сала кететін болсақ, валийлік «Карифф Сити» командасы ағылшын премьер-лигасына осы маусымда қосылды. Қазіргі таңда турнир кестесінің 14-ші сатысында келеді.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: armsport.am