Қарағандыда Қазақстанның үздік боксшы қыздары анықталды

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Қарағандыда Қазақстанның үздік боксшы қыздары анықталды
Фото ©️ olympic.kz

Әйелдер боксынан Қарағандыда ұйымдастырылған "Мықтылар турнирі" аяқталды. Жарыс қорытындысы бойынша әр салмақтағы үздік боксшы қыздар белгілі болды, – деп хабарлайды msports.kz сайты. 

БӨЛІСУ

Бокс бәсекесіне Париждегі жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Назым Қызайбай қатысқан жоқ. Сондай-ақ Карина Ибрагимова да демалыс алған. Құрамадағы өзге боксшы қыздар турнирде бақ сынады. 

"Мықтылар турнирінің" маңызы жоғары болды. Жарыс қорытындысы бойынша Йорданиядағы Азия чемпионатына қатысатын боксшы қыздар құрамы жасақталатын болады. 

Бірнеше салмақ дәрежесінде Ресей құрамасының да мықты боксшы қыздары қатысты. Бұл отандастарымызға тәжірибе болды әрі бәсекелестікті арттырды. 

Жарыстың басты жаңалығы – қыздардың бас киімсіз жұдырықтасуы. Нәтижесінде, халықаралық жаңа ереже бойынша өткен турнирде жарақат алғандар да көп болды. Тіпті екі бірдей финалдық жекпе-жек өтпеді. 

"Қыздар бірінші рет бас киімсіз жұдырықтасып жатыр. Сондықтан болар, жекпе-жек барысында жарақат алып қалғандар көп болды. Бас киімсіз жұдырықтасқанда қалай қорғану керектігін әлі жете түсінбегеннен шығар деп ойлаймын. Азия біріншілігіне дейін осы тұрғыда барынша жұмыс атқарамыз. Жаттықтырушыларға да арнайы тапсырмалар беруде. Бас киімсіз жұдырықтасу әйел затына оңай емес. Бірақ талап солай болды. Енді соған бейімделіп, жаңа ережеге бағынуға тура келеді, – деді құраманың бас жаттықтырушысы Елдос Сайдалин. 

Жарыс қорытындысы бойынша 12 салмақ дәрежесінің 5-де Алматы қаласының боксшы қыздары жеңімпаз атанды. 

48 келі — Әйгерім Сәттібаева (Жамбыл облысы)
50 келі — Алуа Балқыбекова (Алматы)
52 келі — Жазира Орақбаева (Алматы)
54 келі — Әнел Сақыш (Алматы)
57 келі — Виктория Байдукова (Жамбыл облысы)
60 келі — Виктория Графеева (Алматы)
63 келі — Аида Абикеева (Қарағанды облысы)
66 келі — Милана Сафронова (Қарағанды облысы)
70 келі — Ангелина Витова (Ресей)
75 келі — Елена Гапешова (Ресей)
81 келі — Гүлсая Ержан (Қызылорда облысы)
+ 81 келі — Елдана Талипова (Алматы)