Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Исламның (27-0, 21 КО) шаршы алаңға қашан оралатыны белгілі болды. Бұл туралы RingPolska басылымы хабарлады.
Qazaq лақап атымен танымал боксшымыз екінші орта салмақта WBA чемпионы Сауль Альварес (53-1-2, 36 КО) пен WBO белбеуінің иегері Билли Джо Сондерс (29-0, 14 КО) арасындағы жекпе-жек кешінде шаршы алаңға шығады. Қанат Исламның қарсыласы мексикалық Хайме Мунгия (34-0, 28 КО) болмақ.
23 жастағы боксшы кәсіпқой бокста 34 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. Ал 28 қарсыласын уақытынан бұрын ұтқан. Жақында Хайме Мунгия орта салмаққа ауысып, ирландиялық Гэри О’Салливаннан (30-4, 21 КО) басым түсті.
"Канело" мен Сондерс 2 мамыр күні АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында жекпе-жек өткізеді деп жоспарланған болатын. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты бокс кешінің уақыты кейінге шегерілді.
Естеріңізге сала кетейік, Қанат Ислам шаршы алаңдағы соңғы жекпе-жегін қазан айында өткізіп, намибиялық Уолтер Каутондокваны (18-2, 17 КО) төрешілердің шешімімен ұтқан еді.