Қазақстандық кәсіпқой боксшылар Қанат Ислам мен Мадияр Әшкеев Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) финалында бақ сынайтын "Astana Arlans" клубының боксшыларына сәттілік тіледі.
"Cuba Domeodores" (Куба) командасымен болатын финалдық кездесудің алғашқы жекпе-жектері бүгін Қытайдың Сямынь қаласында өтеді. Астана уақытымен сағат 17:00-де басталатын бокс кешін "Хабар" арнасы тікелей эфирде көрсетеді.
- Америка төрінде ел намысын қорғап, қазақ елінің атын әлемге танытып жүрген – Қанат Ислам және Мадияр Әшкеев өз бауырларына сәттілік тілеп, ыстық сәлемдерін жолдады.
"Astana Arlans" боксшыларына қолдау көрсетейік. Жанкүйер болайық! Бірге жеңіске жетейік! - деп жазды команданың instagram желісіндегі ресми парақшасы.
Бүгін шаршы алаңға шығатын боксшылар:
49 келі: Теміртас Жүсіпов – Дамиан Арсе Дуарте
56 келі: Ілияс Сүлейменов – Освель Давид Кабальеро Гарсия
64 келі: Ділмұрат Мижитов – Энди Крус
75 келі: Әбілхан Аманқұл – Ослейс Иглесиас Эстрада
91 келі: Нұрбол Алтаев – Эрисланди Савон
Командалар арасындағы екінші кездесу 28 қыркүйек күні Цзиньцзянда өтеді. Егер екі күнгі жекпе-жектер 5:5 есебімен аяқталса, онда шешуші жекпе-жек белгіленген. WSB басшыларының ұйғарымымен биыл қосымша жекпе-жек 64 келі салмақ дәрежесі бойынша өткізілетін болып бекітілген. "Astana Arlans" бұл ретте Бекдәулет Ибрагимовке сенім артып отыр.
Айта кетейік, "Astana Arlans" - WSB жобасындағы ең табысты команда. Бұл жарыста үш рет жеңімпаз атанып, тағы төрт рет жүлделі орыннан көрінген. Екі рет кубалық боксшылар топ жарса, Франция мен Италия елінің командалары бір-бір реттен жеңіске жеткен.