Қанат Ислам кезекті рет жеңіске жетті

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Қанат Ислам кезекті рет жеңіске жетті

Кәсіпқой бокста ел намысын қорғап жүрген орта салмақтағы Қанат Ислам кезекті жеңісін тойлады. Колумбияның Барранкилья қаласында өткен шаршы алаңдағы жекпе-жекте жерлесіміз жергілікті боксшы Фидель Монтерросаны бесінші раундта нокаутқа жіберді.

БӨЛІСУ

Сегіз раундқа жоспарланған жұдырықтасу бес раундқа ғана созылды. Өзіне сенімді қимылдап, жойқын соққыларымен дараланған Қанат Исламға қарсылас төтеп бере алмады. Осылайша кәсіпқой бокстағы 18-ші кездесуін өткізген отандасымыз барлығында да жеңіске жетті. Оның 15-інде қарсыласын нокаутқа жіберіп, мерзімінен бұрын аяқтаған.

Қанат Ислам бүгінгі жеңісінен кейін Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының (WBA) жаңа рейтингінде көтерілетіні белгілі. Одан кейін жерлесімізге чемпиондық атақ сарапқа салынатын кездесулер өткізуге мүмкіндік тумақ. Боксшының өзі де осы жылы чемпиондық атаққа таласатын жекпе-жек өткізуге ниеттеніп отыр.

Естеріңізге сала кетсек, Қанат Ислам өзінің соңғы жекпе-жегін мамыр айында колумбиялық Франциско Кордероға қарсы өткізіп, кездесудің үшінші раундында жеңіске жеткен болатын. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sport.nur.kz