Кәсіпқой боксшы Қанат Ислам келесі жекпе-жегін 20 ақпанда өткізеді. Отандасымыз ганалық боксшы Ободай Саимен жұдырықтасады, - деп хабарлайды Boxingscene.com.
Бокс кеші Майамиде (АҚШ, Флорида штаты) өтеді деп жоспарланған. Орта салмақта 10 раундтық жекпе-жек өткізеді.
Ободай Саи кәсіпқой бокстағы мансабын 2008 жылы бастаған. "Ғаламат" деген лақап атпен танылған. Одан бергі аралықта 39 жекпе-жек өткізіп, оның 35-де жеңіске жеткен. 3 рет жеңіліп, 1 кездесуінде тең түскен.
Ганалық боксшы өзге елде екі ғана жекпе-жек өткізген. Екеуінде де жеңілген. 2011 жылы Ұлыбританияда жергілікті боксшы Джэйми Коксқа ұпай айырмасымен есе жіберсе, 3 жылдан кейін АҚШ-та шаршы алаңға шығып Дэррек Уэбстерге нокаутпен жеңілген.
Қанат Исламның шаршы алаңға шықпағанына 1 жылдан асты. Ең кейінгі жекпе-жегін намибиялық боксшы Уолтер Каутондокваға қарсы өткізіп, төрешілер шешімі бойынша жеңген. Бір қызығы, Ободай Саи да дәл осы намибиялық боксшымен қолғап түйістірген. Өз жерінде өткен бокс кешінде намибиялық боксшыға жол беріп, мансабындағы үшінші жеңілістің кермек дәмін татқан.
Қанат Ислам мен Ободай Саи арасындағы жекпе-жек кәсіпқой бокс жайлы хабарлайтын Boxrec сайтының тізіміне әлі енбеген.