Қазақстандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам спорттық мансабындағы жиырма бірінші жеңісіне қол жеткізді. Отандасымыз колумбиялық боксшы Хуан де Анхельды алтыншы раундта жеңіп шықты.
Бірінші раундтың басын Қанат Ислам барлаумен бастады. Ал орта тұсына қарай отандасымыздың бір соққысы қарсыласына дөп тиді. Ал екінші раундта қос боксшы да тең дәрежеде өнер көрсетті. Хуан де Анхель де аянып қалмады. Оңтайлы тұста сәтті шабуылдаумен болды.
Колумбиялық боксшының да тіс қаққан спортшылардың бірі екені байқалды. Бірінші раундта оң жақ тұсынан өткізіп алған соққысынан кейін аса сақ қимылдай бастады. Төртінші раундта отандасымыздың басымдығы айқын байқалды. Бесінші раундта да Қанат қарсыласына қарағанда ширақ қимылдады. Колумбиялық боксшы қайта-қайта басын бұғып, сытылып қашумен болды. Алтыншы раундта Қанат Исламның жойқын соққыларына төтеп бере бере алмаған Хуан де Анхель жекпе-жекті жалғастыра алмады. Нәтижесінде отандасымыз техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Айта кетейік, Қанат Ислам жиырма бірінші жекпе-жегінің он сегізін уақытынан бұрын аяқтады.