«Реал» сапында өнер көрсеткен бразилиялық жартылай қорғаушы Кака (Рикардо Изексон дос Сантос Лейте) «Милан» командасына қайта оралды.
Миландық клубтың ресми сайтының хабарлауы бойынша, Кака мен «Милан» футбол клубы 2015 жылдың 30 маусымына дейін келісім-шарт жасасқан көрінеді. Келісім-шарт бойынша бразилиялық жартылай қорғаушы маусымына 5 милллион еуро алатын көрінеді. Естеріңізге сала кететін болсақ, 2009 жылы Кака «корольдік клуб» сапына ауысқанда футболшының құны 68 милллион еуроны құраған-ды. Ал қазір ойыншы «Милан» сапына тегін ауысып отыр. 2007 жылғы «Алтын доп иегері» мадридтік клуб сапында 120 кездесу өткізіп, 29 допты қарсылас қақпасында тулатса, 38 рет нәтижелі пас шығарып көзге түскен.
Кака осыған дейін «Милан» сапында 2003-2009 жылдары өнер көрсеткен болатын. Футболшы Миланға оралған соң өзінің бұрынғы 22-ші нөмірін қайта киюі ғажап емес. Өйткені футболшының бұл нөмірі әзірге бос тұр.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: eurosport.ru