Алматылық «Қайрат» футбол клубы 60 жылдық мерейтойы қарсаңында әлем футболының «жұлдыздарынан» құралған командаға қарсы жолдастық кездесу өткізетіні туралы хабарлаған едік. Енді сол команданың құрамы белгілі болды. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлап отыр.
Кеше әлем футболы «жұлдыздарынан» құралған команданы Ресей құрамасының бас бапкері Фабио Капелло басқарып келсе, «Қайратқа» Құрбан Бердыев бапкер болатыны да белгілі болған. Сонымен Алматының орталық стадионына келетін футбол тарихындағы танымал футболшылар төмендегідей:
Қақпашылар: Франческо Тольдо, Йенс Леманн.
Қорғаушылар: Паоло Мальдини, Хавьер Дзанетти, Алессандро Костакурта, Кахабер Каладзе, Фабио Каннаваро, Кристиан Пануччи.
Жартылай қорғаушылар: Сержиньо, Ривалдо, Луиш Фигу, Леонардо, Эдгар Давидс, Кларенс Зеедорф.
Шабуылшылар: Андрей Шевченко, Кристиан Вьери, Дуайт Йорк.
«Жұлдызды кездесуде» ардагер ойыншылардан қолтаңба алу, естелікке суретке түсу іс-шаралары ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, команда түрлі шоу-концерттер мен жанкүйерлерге күтпеген сыйларын да дайындауда.
Осыған дейін алматылық клубтың да құрамы жасақталып үлгерген болатын. «Қайрат» командасының құрамында Фанас Салимов, Сергей Стукашов, Валерий Гладилин, Сергей Рожков, Евгений Яровенко, Евгений Кузнецов, Игорь Авдеев, Руслан Балтиев, Дмитрий Огай және Михаил Гурман сынды ардагер футболшылар ойнайды деп күтілуде. Жолдастық кездесу 26 қыркүйекке жоспарланған.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: fckairat.kz