Германияның Гамбург қаласында әуесқой бокстан XIX әлем чемпионаты басталды. Алғаш болып шаршы алаңға көтерілген отандасымыз Жомарт Ержан (49 келі) гватемалалық қарсыласы Майкл Телье Тельені айқын жеңіп шықты.
Бірінші раундтан бастап Ержан әрбір сәтті бақылауда ұстап, қарсыласын қыспаққа ала түсті. Соққы жасауда ширақ қимылдап, басымдығын сәт санап арттыра түсті. Екінші раундта гватемалалық боксшы алға ұмтыла түсіп, дөп соққыларын дарытқысы келді. Дегенмен тәжірибелі отандасымыз қарсыласынан бір бәс жоғары екенін байқата білді.
1/8 финалда Жомарт Ержан филиппиндік Ладон Родженмен кездеседі.
Айта кетейік, 25 тамыз бен 3 қыркүйек арасында өтетін дүбірлі додаға әлемнің 85 елінен 280 боксшы бақ сынайды. Әлем біріншілігіне Куба, Өзбекстан және Қазақстан елдерінің боксшылары толық құрамда қатысады. Ресей құрамасынан - тоғыз, Украинадан сегіз боксшы өнер көрсетеді.