Осыған дейін Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Бауыржан Жолшиев қарағандылық «Шахтер» командасының сапында өнер көрсетеді деген ақпарат тараған болатын. Алайда «кеншілер» ұжымының спорт директоры Ұлықбек Асанбаев бұл мәліметтің жалған екенін мәлімдеді.
Sports.kz сайтына сұхбат берген Ұлықбек Асанбаев:
– Біз әлі ешқандай футболшымен келісімшарт жасасқан жоқпыз. Команда бюджетінен әлі қаржы бөлінбеді. Бөлінген күні Бауыржан Жолшиевпен және өзге футболшылармен келісімшарт жасасатын боламыз, – деді.
Қазан айының басында «еркін кеңістікте» қалған Бауыржан мен алматылық «Қайрат» арасында да келіссөздер жасалған болатын. Дегенмен нәтижесіз аяқталған көрінеді.
Естеріңізге сала кететін болсақ, қостанайлық «Тобыл» сапына 2011 жылы «Атырау» қатарынан ауысып келген футболшы 41 кездесу өткізіп, 14 рет нәтижелі соққысымен ерекшеленген еді. Алайда осы маусымда командамен болған кикілжің жартылай қорғаушының клубтан кетуіне себеп болды. Сонымен қатар Бауыржан Жолшиев ұлттық құрама жейдесінде 6 кездесуге қатысып, 2 рет қарсылас қақпасын дәл көздеді.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: prosportkz.kz