Африка мен Еуропадағы соңғы жолдамаларға қызу талас та аяқталды. Енді бұл таластың кезекті тартысын 2014 жылы Бразилияда өтетін Әлем чемпионатында қайта тамашалайтын боламыз.
Румыния – Грекия
Грекия ұлттық құрамасы – «жолы болғыш» командаларға жатады. Мәселен 2004 жылы ешкім де күтпеген жерден Еуропа чемпионы атанды. Ал бұл Әлем чемпионатына тер төкпеді емес, тер төкті. Командаға жеребе де жолдас болды. Алғашқы кездесуде өз алаңында 3:1 есебімен румындарды тізе бүктірді. Константинос Митроглу кездесудің қаһарманы атанған еді. Бұл ойында да «Олимпиакос» шабуылшысы мергендігімен көзге түсті. Алаң иелері қанша шабуылдағанымен тас қамал гректердің қорғанысынан өте алмады. Тек 55 минутта қорғаушылар қателгінен кейін Торосидис қақпасына гол соғып алды. Қос кездесу қорытындысы бойынша гректер Әлем чемпионатына жолдама алды.
Хорватия – Исландия
Исландиялық футболшылар бар күшін салды. Өз алаңындағы алғашқы кездесуде басымдық танытып өнер көрсеткенімен өз пайдаларына шешілер нәтижеге қол жеткізе алмады. Есесіне өз алаңында «шақпақ жейделілер» дегеніне жетті. 27 минутта «Бавария» футболшысы Марио Манджукич есеп ашты. Дегенмен футболшы ойынды соңына дейін өткізе алмады. 38 минутта өрескел ойын тәртібін бұзып, алаңнан қуылды. Хорват футболшылары саны аз болғанымен кездесуді қолдан шығармады. 47 минутта Дарио Срна дәл соққысымен есепті 2:0-ге жеткізіп, кездесу тағдырын шешіп кетті.
Швеция – Португалия
Плей-офф кезеңіндегі ең тартысты кездесу осы командалар арасында орын алды. Қос кездесудегі соғылған голдардың барлығын екі команданың көшбасшылары Ибрагимович пен Роналду еншісінде. Екі футболшы да командасын алға сүйреді. Сол үшін барын салды. Лиссабонда өткен кездесудің 82 минутында Роналду гол соғып, командасын жеңіске жетелеген болатын. Енді Швеция өтетін ойынды бәрі асыға күткен еді. Алаң иелерінен тосын сый күткендер де жоқ емес-ті. Өйткені шведтер командалық жүйелі ойын көрсете алатын құрама. Дегенмен Роналду бастаған жігіттерге қарымта кездесуде де қауқары жетпеді. Златан дубль авторы атанғанымен, Роналду хет-трик жасады. Осылайша португалдық футболшы «Алтын допқа» үміткерлердің көшін бастады деуге болады. Ал Швеция ұлттық құрамасы осымен екінші рет Әлем чемпионаты жолдамасынан қағылды.
Франция – Украина
Франция ұлттық құрамасы Бразилияға жолдама алды. Украиндар өз алаңында екі доп басымдығымен жеңгенімен, сырт алаңда нәтижені сақтап қала алмады. Өз қақпаларына 3 бірдей допты тоғытып алды. «Ливерпуль» қорғаушысы Момоду Сахо есеп ашты. Карим Бензема өз мүмкіндігін мүлт жібермеді. Ал Олег Гусев өз қақпасына гол соқты. Француздарға керекті нәтиже осы еді. Осылайша Рибери бастаған әлем футболының жұлдыздары жанкүйерлерін жерге қаратпады.
Гана – Египет
Египет өз алаңында ганалықтарды жеңгенімен, Әлем чемпионаты жолдамасы бұйырмады. 2:1 есебі нәтиже емес еді алаң иелеріне. Өйткені египеттіктер сырт алаңда 6:1 нәтижесімен есе жіберген болатын.
Алжир – Буркина-Фасо
Алжирліктер сырт алаңдағы Буркина-Фасоға қарсы алғашқы кездесуде 2:3 есебімен жеңілген. Ал бүгін өз алаңдарында 1:0 нәтижесімен жеңіске жетті. Сырт алаңда соққан голдарының арқасында алжирліктер Әлем чемпионатына жолдаманы иеленді.
Осылайша Әлем чемпионатына баратын 30 команда белгілі болды. Ал қалған екі команда бүгін белгілі болады. Негізінен бұл кездесулерде жолдама тағдыры шешіліп қойған десек те болады. Уругвай – Иорданияны (алғашқы кездесу 5:0) қабылдаса, Жаңа Зеландия – Мексикамен (алғашқы кездесу 1:5) кездеседі.
Автор: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vk.com