Жолдама жолындағы тартыс қыза түсті

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Жолдама жолындағы тартыс қыза түсті

Қытайдың Чжэнжу қаласында өтіп жатқан волейбол додасында Қазақстан әйелдер құрамасы екі жолдаманың біріне таласын тартысты өткізуде. Алайда кеше волейболшы қыздарымыз Қытай құрамасына есе жіберіп алды.

БӨЛІСУ

Италияда өтетін Әлем чемпионатына 4 жолдаманың екеуі осыған дейін Азия чемпионатында Тайланд пен Жапония әйелдер құрамасына бұйырған болатын. Қалған екі жолдама иесін Чжэнжуда өтетін турнир анықтайтынын осыған дейін хабарлаған болатынбыз. Жолдама жолындағы тартыста Қытай, Қазақстан, Оңтүстік Корея, Үндістан және Жаңа Зеландия құрамалары бақ сынауда.

Алғашқы кездесуінде Азия чемпионатында Александр Гутор баптайтын Қазақстан қыздарын сан соқтырып кеткен корей қыздарымен жолыққан волейболшы қыздарымыз Тайландта кеткен есені қайтарды. Шыны керек, Азиядағы азулы команда саналатын кәріс қыздарын жеңу біздің команда үшін үлкен мәртебе екені айдан анық.

Екінші кездесуін Жаңа Зеландия қыздарымен өткізген Қазақстан әйелдер құрамасы қарсыластарынан шоқтығы биік екенін дәлелдей білді. Турнир басталар тұста барлық волейбол мамандары екі жолдаманы алдын-ала Қытай мен Кореяға теліп қойған еді. Алайда жерлестеріміздің Кореядан басым түсуі арқылы біздің құрамада үміт шоғы тұтанған болатын.

Кеше Қытай қыздарына қарсы кездесуде Сана бастаған волейболшы қыздарымыз қарсыластарынан айлаларын асыра алмады. Нәтижесінде 0:3 (12:25, 8:25, 17:25) есебімен есе жіберіп алды. Енді Қытай мен Корея қыздарының арасындағы тартыс Александр Гутор командасының тағдырын шешпек.

Бүгін Қазақстан әйелдер құрамасы үнді волейболшы қыздарымен кездеседі.

 Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: kapital.kz