"Қайрат" футбол клубы тарихындағы ең үздік сұрмерген Жерар Гоу мансабын Қытайда жалғастыратын болды. Футболшы "Бейцзин Энтерпрайзес" командасымен келісімшартқа қол қойды, - деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
29 жастағы ивуарлық шабуылшы қытайлық клубқа еркін агент ретінде ауысты. Оның алматылық командамен келісімшарты аяқталған-ды. Жоғары жалақы сұрауына байланысты клуб ойыншымен келісімшартын жалғастырған жоқ.
Жерар Гоуға Ресей, Сербия мен Уругвай елдерінің командалары қызығушылық танытты. Алайда ивуарлық ойыншыны қытайлық команданың келісімшарты қанағаттандырған секілді.
Футболшы "Қайрат" клубы сапында 2014 жылдың маусым айынан бастап ойнап келді. Қазақстан премьер-лигасында 102 ойынға қатысып, 80 гол соқты. Еуропа лигасында 19 ойында 11 рет голды енішсіне жазды. Үш рет ел премьер-лигасының үздік сұрмергені атанды. "Қайратқа" дейін "Краснодар" (Ресей), "Кайсери Эрджиеспор" (Түркия), "Денлизспор" (Түркия), "Ксамакс" (Швейцария), "Хассани Агадир" (Марокко), "Абиджан" (Кот д Ивуар) клубтарында ойнаған.
Айта кетейік, "Бейцзин Энтерпрайзес" – Қытайдың екінші дивизионындағы клуб. 2004 жылы құрылған. Өз алаңындағы ойындарын 8000 жанкүйер сыятын Чаоян спорт орталығында өткізеді.