Кеше жеңіл атлетикадан Мәскеуде өтіп жатқан әлем біріншілігінің төртінші күнінде төрт бірдей медальдар жиынтығы сарапқа салынды.
Бұл күні ресейлік жеңіл атлеттер үшін сәтті болды. Олар екі алтын және бір күміс ұтып алды. Жарыс күнінің алғашқы жартысында Елена Лашманова мен Анися Кирдяпкина 20 шақырымға спорттық жүрістен алтын мен қоланы олжаласа, кешкілік жарыста бірнеше дүркін әлем рекордын жаңартушы, Олимпиада чемпионы Елена Исинбаева сырықпен секіруден Ресей құрамасына бұл күндегі екінші алтынды алып келді. Осылайша Ресей жарыс басталғаннан бері 6 медальға ие болып отыр: үш алтын, бір күміс және екі қола. Ал медальдар жарысында олар әзірге тек американдықтарға жол беруде. АҚШ атлеттерінің қоржынында тоғыз медаль бар. Олардың төртеуі - алтын. Үшінші орынды екі ел бөлісіп тұр: Кения және Германия. Олардың әрқайсысында бес медальдан (2-2-1).
Сонымен кешегі күннің қаһармандары кімдер дегенге тоқталайық.
ЕЛЕНА ЛАШМАНОВА (Ресей), 20 шақырымға спорттық жүріс (әйелдер)
Бұл сайыста ресейлік қыздар ерлердің ерлігін қайталай білді. Елена Лашманова бұл қашықтықты 1 сағат 27 минут 8 секундта жүріп өтіп, әлем чемпионы атанды. Екінші орын да ресейлік жеңіл атлет Анися Кирдяпкинаға (1:21.11) бұйырды. Қола қытайлық Лю Хун (1:28.10) қанжығасында кетті.
ЕЛЕНА ИСИНБАЕВА (Ресей), сырықпен секіру (әйелдер)
Айта кетейік, кеше «Лужники» стадионына көпшілік осы Елена қыздың өнерін тамашалауға келгені анық. Оған себеп те жоқ емес. Жарыс алдында Исинбаева әлем чемпионаты мәресіне жеткеннен кейін спорттық мансабын аяқтайтынын айтқан болатын. Осы жағдайды ескерген ұйымдастырушылар Исинбаеваның бейнесін жарыс логотипіне де кірістіріп үлгерген еді. Десек те кейін белгілі болғандай спортшы қыз мансабын аяқтауды емес, жанұялық себептерге байланысты тек үзіліс алуды жоспарлағанын айтыпты. Сонымен ол тек бірінші мүмкіндігінде қателік жасағаны болмаса, қалған биіктіктерді бірінен соң бірін бағындырып жатты. Бұл орайда оған соңғы кезде әжептәуір қарсылық танытып жүрген Сур де ешқандай бәсекелестік тудыра алмады. Нәтижесінде Елена 4,89 метрді бірінші секірісінде-ақ алса, американдық қыз үш рет талпыныс жасап, барлығы да ол үшін сәтсіз аяқталды. Осылайша Исинбаева әлем чемпионатының чемпионы атанса, Сур екінші, ал 4,82 метр биіктікті алған кубалық Ярисли Сильва үшінші орынға табан тіреді.
РОБЕРТ ХАРТИНГ (Германия), диск лақтыру (ерлер)
Ежелгі Грекия заманынан бері көпшілік ықыласына бөленіп келе жатқан диск лақтыру сайысында бұл жолы да әлем және Олимпиада чемпионы неміс Роберт Хартингке тең келер ешкім табылмады. Оның көрсеткен ең үздік нәтижесі таблода 69,11 метр болып тіркелсе, күміс поляк Петр Малаховскийге (68,36), ал қола медаль эстондық Герд Кантерге (65,19) бұйырды. Жарыс аяқталғаннан соң көпшілік дәстүрге айналып үлгерген Хартингтің орындауындағы жейде жырту сәтін тамашалады. Осыған дейін IAAF (Халықаралық жеңіл атлетика қауымдастықтарының федерациясы) спортшының бұл ісіне қатысты шара қабылдап, оған үлкен көлемде айып салғанымен, Хартинг жеңіске жеткен әр сайысынан кейін бұл әдетін тастаған емес.
АННА МЕЛЬНИЧЕНКО (Украина), жетісайыс (әйелдер)
Жарыстың барлық жеті түрінен кейін қорытынды 6586 ұпай жинаған украиналық Мельниченко жеңімпаз атанса, онсайыста топ жарған Эштон Итонның әйелі Брианн Тейсон-Итон (6530) күміс, ал голландиялық Дафна Схипперс (6477) қолаға ие болды.
МҰХАММЕД АМАН (Эфиопия), 800 метрге жүгіру (ерлер)
Бұл қашықтықта эфиопиялық Мұхаммед Аман 1 минут 43.31 секунд нәтижесімен чемпион атанса, екінші болып американдық Николас Симмондс (1.43,55) келді. Қола медаль Джибути елінің атлеті Аянле Сүлеймен Хассанда (1.43,76) кетті.
МИЛКА ЧЕМОС ЧЕЙВА (Кения), 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру (әйелдер)
Кениялық желаяқ Чейва 9 минут 11,65 секунд көрсеткішімен (маусымдағы әлем бойынша үздік нәтиже) жеңімпаз атанды. Күміс тағы бір Кения қызы Лидия Чепкуруиге (9.12,55) бұйырса, қола эфиопия елінің жүйрігі София Ассефа (9,12.84) мойнында кетті.
ЛАШОН МЕРРИТТ (АҚШ), 400 метрге жүгіру (ерлер)
400 метрдің «королі» Лашон Мерритт 43,74 секунд уақытпен маусымдағы әлем бойынша үздік нәтижесін көрсетіп, алтыннан алқа тағынды. Күміс те АҚШ елінің атлеті Тони Маккейде (44,40) кетсе, қола Доминикан Республикасынан Лугелин Сантосқа бұйырды (44,52).
Ал Қазақстан құрамасының атлеттері әзірге сәтсіз өнер көрсетуде. Айта кетейік, бұл әлем біріншілігіне Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова демалыс алуына байланысты қатысқан жоқ.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: beaumontenterprise.com, eurosport.ru