Кеше 10-тамыз күні Мәскеу қаласында жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты салтанатты түрде ашылды. 9 күнге созылатын жарыстың алғашқы күнінде екі медаль сарапқа салынды.
Әзірге медальдар жарысында алғашқы орында Кения тұр. Олар кеше бір алтын және бір қола алқаларға ие болды. Ал жарыс қожайындары Ресей құрамасы әлем чемпионатының алғашқы күні мәртебелі орыннан көріне қойған жоқ.
Эдна Киплагат (Кения), марафон
Сонымен әйелдер арасындағы марафондық жарыста Кения маржаны Эдна Киплагат жеңіске жетті. Ол 42,195 шақырым қашықтықты 2 сағат 25 минут 44 секундта жүгіріп өтті. Екінші орын күтпеген жерден итальяндық Валерия Странеоға бұйырса, қола жапондық Кайоко Фукусидің қанжығасында кетті.
Мо (Мұхаммед) Фара (Ұлыбритания), 10 000 метрге жүгіру
Мо Фара бұл қашықтықты 27 минут 21 секундта басып өтіп, әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. Лондон Олимпиадасы мен әлем чемпионы Фара осыған дейін тек 5 000 метрде ғанатоп жарып келген еді. Алайда ол осы жолы өзіне біраз бәсекелестік туғызған эфиопиялық Ибрахим Джейлан мен кениялық Пол Тануиге еш мүмкіндік бермеді.
Одан бөлек кеше 100 метр қашықтыққа жүгіруден ерлер арасындағы бірінші раунд бәсекелері өтіп, фавориттердің барлығы жартылай финалға жолдама алды. Олардың қатарында ямайкалық Неста Картер мен Усейн Болт, американдық Джастин Гатлин, француз Кристоф Лёметрдің де бар екендігін айта кетейік.
Ал еліміздің жеңіл атлеттері үшін кешегі күн сәтсіз аяқталды. Жақында ғана Азия чемпионы атанған онсайысшы Дмитрий Карпов жарыстан белгісіз себептерге байланысты шығып қалса, сырықпен секіруші Никита Филиппов белгіленген межені бағындыра алмай, іріктеу кезеңінен жарысты аяқтады.
Ал енді бүгін күтіп тұрған басты бәсекелерге тоқталсақ.
ФИНАЛ. 20 шақырымға спорттық жүріс. Ерлер – 19:00 (Астана уақыты)
Фавориттер: Луис Фернандо Лопес (Колумбия), Ван Чжэнь (Қытай), Ким Хёнсоп (Оңтүстік Корея)
ФИНАЛ. Ұзындыққа секіру. Әйелдер – 21:00
Фавориттер: Бриттни Риз (АҚШ), Блессинг Окагбаре (Нигерия), Дарья Клишина (Ресей)
ФИНАЛ. Диск лақтыру. Әйелдер – 22:15
Фавориттер: Сандра Перкович (Хорватия), Яйме Перес (Куба), Надин Мюллер (Германия), Ярелис Барриос (Куба)
ФИНАЛ. Онсайыс – 22:35
Фавориттер: Эштон Итон (АҚШ), Михаэль Шрадер (Германия), Рико Фраймут (Германия)
ФИНАЛ. 10 000 метрге жүгіру. Әйелдер – 23:05
Фавориттер: Тирунеш Дибаба (Эфиопия), Белейнеш Олжира (Эфиопия), Глэдис Чероно (Кения)
ФИНАЛ. 100 метрге жүгіру. Ерлер – 23:50
Фавориттер: Усэйн Болт (Ямайка), Джимми Вико (Франция), Джастин Гэтлин (АҚШ), Кристоф Лёметр (Франция), Майк Роджерс (АҚШ).
Біз аталған жарыстардың нәтижелері жөнінде ертең толық хабарлайтын боламыз.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: vesti.ru