Жайық жазығындағы киіктің саны 217 мың басқа жетті. Бұл – қазақ даласындағы бар киіктің 65 пайызы. Мұндай мәлімет ҚР премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр "Бөкейордасы" табиғи резерватын құру туралы баяндамасынан белгілі болды.
"Қазақстан аумағында Бетпақдала, Жайық және Үстірт киіктерінің әлемдік популяциясының 95% -дан астамы мекендейді. Бүгінгі таңда Жайық киіктерінің популяциясы 217 мың басқа жетті немесе бұл Қазақстандағы барлық киіктің 65%-ы деген сөз. Жайық киіктерінің тіршілік аясын сақтау үшін Батыс Қазақстан облысындағы "Бөкейорда" мемлекеттік табиғи резерватын және Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалын құру бойынша бірқатар іс-шара жүргізіліп жатыр", – деп жазылған баяндамада.
Роман Склярдың айтуынша, қазір Жайық маңындағы далалық аймақты қорғау мақсатында Бөкей орда атты табиғи резерват құрылып жатыр. Резерваттың жалпы алаңы 343 мың гектар болмақ. Сондай-ақ тағы 314 мың гектарға қаумал аумағы құрылмақ.