2015 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Қазақстан U-21 жастар құрамасы Армения U-21 жастар құрамасынан жеңіліс тапты. Кездесудегі қонақтар сапынан шешуші голды Гагиг Погосян соқты.
Сергей Боровский шәкірттері жылдам гол жіберіп алып, алғашқы таймда өз алаңдарына бой үйрете алмай жүргендей сыңай танытты. 30 минуттан аса команданың шабуыл шебіне жан кіріп, қауіпті шабуылдар ұйымдастыра бастады. Алайда армян қақпашысынан айлаларын асыра алмады. Екінші таймда армяндар қорғанысты басты назарда ұстап, есепті ұстап қалуға тырысты. Бұл командалық тактикасынан қонақтар нәтиже де шығара білді. Осылайша Қазақстан U-21 жастар құрамасы 0:1 есебімен жеңіліс тапты.
Осыған дейін жерлестеріміз сырт алаңда Беларуссия U-21 жастар құрамасынан бір доп айырмасымен басым түскен болатын. Келесі кездеуін Қазақстан U-21 жастары 5 қыркүйек күні сырт алаңда Франция U-21 жастарына қарсы өткізеді.
Дайындаған: Өмірбек Сансызбай
Сурет: vesti.kz