Бұл күндері Біріккен Араб Әмірлігінің астанасы Абу-Дабиде бразилиялық джиу-джитсудан әлем чемпионаты өтуде. Додаға әлемнің жүзге жуық елінен келген кіл мықты спортшылар қатысуда. Олардың қатарында Қазақстан құрамасы да бар.
«Abu Dhabi World Professional Jiu-Jitsu Championship 2016» турнирі 15 сәуір күні басталған болатын. Одан бергі аралықта жасөспірімдер мен қыздар арасындағы кездесулер өтті. Ел намысын қорғаған жас өрендеріміз сәтті өнер көрсетіп, 2 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлдемен елге оралды. Ал ересектер арасындағы бәсеке жалғасуда.
12-13 жас аралығындағы ұлдар арасында Алдияр Серік қарсыластарының барлығын жеңіп, алтыннан алқа тақты. 13-15 жас аралығындағы қыздар арасында қазақстандық Динара Мұратқа тең келер қарсылас табылмады.
Абу-Дабидегі чемпионат жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл жарысқа екінші рет барған Жарылқасын Нүсіп жүлделі орыннан көрінді. Финалда ғана қарсыласына есе жіберіп, күміс медальды қанағат тұтты. Елжан Жұмаділ де ел намысын қолдан берген жоқ. Барын салған спортшымыз күміс медальға ие болды.
Қоржынға түскен қола жүлдені Мәди Құрманғожаев (15-17 жас аралығы) жеңіп алды. Ол өткен жылы әлем чемпионы атанған болатын. Мәдидің бапкері Нұрсұлтан Орынбасаровтың айтуы бойынша, биыл төрешілер қазақстандық спортшыға қырын қарап, жеңістен қаққан. Десе де Мәди жүлделі орыннан көрініп, өзінің тәжірибелі екенін дәлелдей білді.
Бүгін Алматы қаласына жеткен жас өрендерімізді спортшылардың ата-анасы мен достары зор қошеметпен қарсы алды. Қазақстандық спортшыларды бастап келген Талғат Өтеғұл жарыс туралы өз ойын айта кетті.
- Жарыстың ауқымы кеңейгені айқын байқалады. Биыл қатысушы елдердің саны да едәуір артқан. Жастарымыз үмітімізді ақтады. 2 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлдені ірі жетістік деп бағалауға болады, - деді.
Бразилиялық джиу-джитсу Қазақстанда енді дамып келе жатқан спорт түрі саналады. Бүгінде грепплинг және джиу-джитсу федерациясының президенті Төлеген Құмаров спортшылардың ірі жарыстарға қатысуына жағдай жасап, елімізде бұл спорт түрінің дамуына үлкен үлес қосып келеді.
Алдағы уақытта ересектер арасында ел намысын қорғап жатқан спортшылардан жағымды жаңалықтар күтеміз. Естеріңізде болса, өткен жылы Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте үшінші орын алған болатын.