«Жас барыс» Оралда жалауын желбіретеді

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
«Жас барыс» Оралда жалауын желбіретеді
Фото ©️ el.kz

4 қараша күні Орал қаласында қазақ күресінен балалар, жасөспірімдер және жастар арасында «Жас барыс» атты IV республикалық турнир басталады. Бұл туралы «Қазақстан Барысы» турнирінің ресми сайты хабарлап отыр.

БӨЛІСУ

Үш күнге созылатын жарыс болашақ «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы» және «Әлем барысында» білекті балуандардың ысылып шығуына бірден-бір септігін тигізер дода екені рас. Жас мөлшеріне қарай үш топ бойынша өтетін республикалық турнирге 260 балуан қатысып, әр салмақ бойынша мықтыны анықтайды. Биылғы «Жас барыстар» Орал қаласындағы «Арман» спорт кешенінде белгілі болмақ.

«Жас барысқа» қатысушылар жас шамасына қарай мынадай топтарда күреседі: 

1. Балалар (2000-2001 ж.т., 14-15 жас)
2. Жасөспірімдер (1998-1999 ж.т., 16-17 жас) 
3. Жастар (1996-1997 ж.т., 18-19 жас).

Бұл республикалық турнир IV кезең бойынша өтеді. Яғни, қатысушылар әуелі І-ІІ кезеңде ауылдық елді мекендер мен аудандық іріктеуден (2015 жылдың 15-30 қыркүйегі арасында) өтуі тиіс. ІІІ кезеңде ­ облыстық (қалалық) іріктеу жарыстарында сынға түссе (2015 жылдың 1-31 қазаны күндері аралығында), ІV кезеңде үздік шыққандар ­ турнирдің финалына жолдама алады (4-7 қараша күндері). 

Шарт бойынша балуандар жас шамасына қарай төмендегідей салмақта боз кілемге шығады:

14-15 жастағы балалар: 38, 42, 46, 50, 55, 60, 66, 73, + 73 келі салмақ дәрежелері
16-17 жастары жасөспірімдер: 46, 51, 57, 64, 72, 81, +81 келі салмақ дәрежелері
18-19 жастағы жастар: 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100, +100 келі салмақ дәрежелері. 

Турнирдің жүлдегерлеріне Спорт және дене шынықтыру істері комитеті тарапынан планшет, фотоаппарат, смартфон (ұялы телефондар), диплом және медальдар тапсырылады.

Айта кетейік, өткен жылғы «Жас барыс» республикалық турнирі Павлодар қаласында өткен болатын.