Ауыр атлетикадан Дохада өтіп жатқан жасөспірімдер (17 жасқа дейінгі) мен жастар (20 жасқа дейінгі) арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан қоржыны қос алтын медальмен толықты. Бұл туралы ҚР ауыр атлетика федерациясының баспасөз қызметі хабарлап отыр.
17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында 50 келіге дейінгі салмақта Игорь Сон топ жарды. Ол қос жаттығу қорытындысында 208 келіні еңсерді. Ал екінші алтын медальды жастар бәсекесінде бағын сынаған Альберт Линдер (69 келі) иеленді. Оның қос жаттығу қорытындысы бойынша көрсеткіші 311 келіні құрады. Естеріңізге сала кетсек, жас атлет Алматыдағы әлем чемпионатында 315 келіні бағындырып, 10-шы орыннан көрінген еді.
Бұл спортшылардан өзге де отандастарымыз жүлделі орыннан көрінді. 17 жасқа дейінгі қыздар арасында 58 келіге дейінгі салмақта Әйгерім Ауылбек күміс жүлдегер атанды. Ал 20 жасқа дейінгі қыздар арасында Кристина Крахалева (63 келі) да күміс медальды қанағат тұтты. Ерлер арасында Михаил Макеев (77 келі) пен Семен Линдер (85 келі) де күміс жүлде еншіледі. 56 келіде Тимур Хасаров қола жүлдегер атанды.
Қазақстандық тағы 3 жас ауыр атлет 4-ші орыннан көрінді. Олар: Алтынай Дәмен (58 келі), Миаил Дроздов (62 келі) және Жасұлан Қалиев (77 келі).
Жасөспірімдер (17 жасқа дейінгі) мен жастар (20 жасқа дейінгі) арасындағы Азия чемпионаты 7 қаңтар күні аяқталады. Бұл күні тағы бір жүлдеден үмітті отандасымыз Селімхан Әубәкіров (105 келіден жоғары) жарыс жолына шығатын болады. Додаға 23 мемлекеттен 180-нен астам спортшы қатысуда.
Сурет: almaty2014iwf.com