Жарақат алған Елдос Сметов Азия ойындарын жүлдесіз аяқтады

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Жарақат алған Елдос Сметов Азия ойындарын жүлдесіз аяқтады
Фото ©️ olympic.kz

Қазақстандық дзюдошы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов XVIII жазғы Азия ойындарында жүлделі орынға іліге алмады.

БӨЛІСУ

60 кг-ға дейінгі салмақта бақ сынайтын отандасымыз бірінші кездесуінде индонезиялық Мұхаммед Лювисті иппонмен жеңді. Екінші белдесуінде Солтүстік Корея елінен келген  Джи Ёнг Анға жол берді. Осы белдесуде жарақат та алып қалды. Жұбаныш белдесуге мүмкіндік алғанмен, жарақатына байланысты қытайлық дзюдошымен өтетін кездесуіне шыққан жоқ.

Бүгін төрт дзюдошымыз татамиге шыққан. Қыздар арасында Кәмшат Қарасайқызы алғашқы белдесуінде солтүстік кореялық Рим Сонг Синге жол беріп, жарысты аяқтады. Ал Галбадрах Отгонцэцэг жартылай финалда Рио Олимпиадасының қола жүлдегері жапон дзюдошысы Ами Кондодан жеңілді. Төрешілер қазақстандық дзюдошының бірнеше әдісін есепке де алмаған сәттер болды. Қола жүлде үшін қытайлық Яо Ксионгпен белдеседі.

66 кг-ға дейінгі салмақта Елдос Жұмаханов та жартылай финалға дейін жетті. Бұл кезеңде жапон дзюдошысы Йоширо Мариомомен кездесіп, қарсыласынан айласын асыра алмады. Алда қола жүлде үшін катарлық Аюб Елдриссимен белдеседі.