Танымал мәнерлеп сырғанаушы Юдзуру Ханю мен Жапония мәнерлеп сырғанау қауымдастығы қазақстандық спортшы Денис Тенге айып тағып отыр. Олар қазақстандық спортшы Бостондағы әлем чемпионатының дайындығы кезінде Юдзуру Ханюді әдейі соқты мәлімдеуде.
"Kyodo News" порталы таратқан ақпарат бойынша, Юдзуру Ханю қазақстандық спортшыны жаттығу кезіндегі қақтығысы үшін айыптаған.
- Мен бейнежазбаны қарадым, және ол бұл әрекетті әдейі жасады деп ойлаймын. Бірақ ол үшін Дениске өшікпеймін. Өшігудің еш маңызы жоқ - деп мәлімдеген жапон спортшысы.
Сондай-ақ, Жапония мәнерлеп сырғанау қауымдастығы Денис Теннің «қылығына» байланысты Халықаралық мәнерлеп сырғанау қауымдастығына (ISU) шағым түсірмек екен.
Айта кетейік, Бостонда өтіп жатқан әлем чемпионатындағы қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша Денис Тен 12-орында тұр. Ал Юдзуру Ханю 110,56 ұпаймен көш бастап келеді.