Жапон теннисшісі Наоми Осака 2019 жылғы Аустралия ашық чемпионатында (Australian Open) топ жарды. Ол әйелдер арасындағы жарыстың финалында чех спортшысы Петра Квитованы жеңді.
Теннис жанкүйерлері асыға күткен финалдық ойын 2 сағат 3 минутқа созылды. Бірінші сетте екі теннисші өз геймдерінде сәтті ойнап, тай-брейкке жетті. Бұл тартыста Наоми үздік шығып, есепте алға шықты.
Екінші сетте Петра Квитова белсеніп 7:5 есебімен жеңіске жетті. Шешуші сетте Наоми Осака шеберлік танытты. 6:4 есебімен ұтып, жеңімпаз атанды.
Жапон қызы 2018 жылы "Үлкен дулыға" санатына енетін US Open турнирінде топ жарған болатын. Сол жеңісті жолды жалғап, ізін ала Australian Open жарысында да чемпион атанды. Чемпион атанып қана қоймай, WTA рейтингінде бірінші орынға көтерілді.
Айта кетейік, Аустралия ашық чемпионатына қыздар арасында қазақстандық теннисшілер де бақ сынаған болатын. Елена Рыбакина мен Зарина Дияс іріктеу кезеңінен өте алмады. Ал Юлия Путинцева 1/32 финалда швейцариялық Белинда Бенчичке жол берді.
Ертең ерлер арасындағы финалдық ойында Рафаэль Надаль мен Новак Джокович кездеседі.