Жансая Әбдімәлік 20 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионы атанды

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Жансая Әбдімәлік 20 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионы атанды
Фото ©️ fideacademy.com

Қазақстандық шахматшы қыз Жансая Әбдімәлік 20 жасқа дейінгі жастар арасында әлем чемпионы атанды. Бұл туралы Vesti.kz сайтының тілшісі хабарлады.

БӨЛІСУ

17 жастағы отандасымыз осыған дейін жасөспірімдер арасында күміс және қола медаль жеңіп алған болатын. Бұл жолы әлем чемпионатының алтыны бұйырды.

Жансая әлем чемпионатында он бір ойын өткізіп, тоғызында жеңіске жетті. Бір ойында тең түсіп, бір ойында жеңілді. Нәтижесінде 9,5 ұпай жинап, әлем чемпионы атанды. Cоңғы турда америкалық шахматшы Дженнифер Юмен кездесіп, жеңіске жетті.

Бірінші турда Жансая осы жылы оқушылар арасында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болған отандасымыз Назерке Нұрғалимен кездесіп, жеңіске жетті. Екінші турда армян Сирануш Гукасяннан айласын асырды. Үшінші турда үндістандық Вайшалиден ұпай алды.

Төртінші турда Жансая украиналық Юлия Осьмакпен тең түсіп қалды. Кейіннен Номин-Эрдене Даваадемберель (Моңғолия) мен Нино Хомерикиді (Грузия) жеңді. Сондай-ақ Жансая Қазақстаннан Ресейге кеткен Бибісара Асаубаевамен де ойнап, айласын асырды.

Жансая жарыста сегізінші турда ресейлік шахматшы Анастасия Парамзинаға есе жіберді. Одан кейінгі турларда өзбекстандық Гүлрухбегім Тохиржанованы, грекиялық Ставрула Цолакидуды ұтты.

Айта кетейік, 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасындағы әлем чемпионаты Италияның Тарвизио қаласында өтті. Жарысқа осы жас аралығындағы әлемнің кіл мықты шахматшылары қатысты.

Жансая Әбдімәлік қыздар арасында төрт дүркін әлем чемпионы. Қазіргі таңда Top 100 Women November 2017 рейтингінде 40-орында тұр.

Өткен жылы 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасында отандасымыз Динара Сәдуақасова әлем чемпионы атанған еді.