Бразилиялық "Атлетико Минейро" клубының шабуылшысы, әлемнің экс-үздік футболшысы Роналдиньоға қарсылас команданың жанкүйерлері тас жаудырды.
Бұл оқиға Либертадорес Кубогының алғашқы финалдық матч аясында Парагвай елінде жергілікті "Олимпия" клубына қарсы өткен матчта орын алды. Бұрыштама добын беруге ұмтылған футболшыға наразы жанкүйерлер тобы тас лақтырған.
Роналдиньо да іле-шала матчтағы бас қазыға өзіне лақтырылған тастарды көрсетіп шағым айтқанымен, ойын әрі қарай жалғаса берді. Осыдан соң "Олимпия" футболшыларының бір тобы өз фанаттарына мұндай әрекетке бармауына өтініш жасады.
Осылайша матч жалғасын тауып ақыр аяғында алаң иелері 2:0 есебімен Роналдиньо командасынан басым түсті. Алайда қазір "Атлетико Минейро" қарсылас командаға шағым түсірді деген де ақпарат бар. Егер тәртіптік комиссия болған жайтты ескеріп жатса, онда "Олимпияға" қатаң жазалар қолданылуы әбден мүмкін.
Енді қарымта ойын Бразилияда 25-шілде күні өтеді деп жоспарланған.
Дайындаған: Болат Қосмағамбет
сурет: vesti.kz