Жанқош Тұраров шаршы алаңға жеңіспен оралды

О Сансызбай Корреспондент
О Сансызбай>
Жанқош Тұраров шаршы алаңға жеңіспен оралды
Фото ©️ MTK Global

Кәсіпқой бокста 2 жылға жуық жекпе-жек өткізбеген қазақстандық боксшы Жанқош Тұраров шаршы алаңға оралды. Жай оралған жоқ, жеңіспен оралды. Кардиффте ганалық боксшы Ричмонд Джарбенгпен жұдырықтасып, қарсыласын техникалық нокаутпен ұтты.

БӨЛІСУ

Жартылай орта салмақта өткен жекпе-жек сегіз раундқа жоспарланған. Алайда екінші раундтан кейін шаршы алаңдағы шайқас жалғасқан жоқ. Ричмонд Джарбенг жарақатына байланысты жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.

28 жастағы қазақстандық боксшы кәсіпқой бокстағы 23-ші жеңісін тойлады. Бірде-бір жекпе-жегінде қарсыласына есе жібермеген. Ал ганалық боксшы болса төртінші рет жеңілістің кермек дәмін татты.

Жанқош Тұраров MTK Global ұйымдастыруымен алғашқы жекпе-жегін өткізді. Алғаш рет Ұлыбританияда бақ сынады. Осыған дейін отандасымыз АҚШ, Доминикан Республикасы мен Колумбияда кездесу өткізген.

Кардиффтегі бокс кешінде қазақстандық Сұлтан Зауырбек те шаршы алаңға шықты. Никарагуалық Серхио Гонсалесті жекпе-жек аяқталуға 16 секунд қалғанда техникалық нокаутпен ұтты.

Жанқош пен Сұлтан келесі жекпе-жектерін 6 шілде күні Нұр-Сұлтанда өткізеді. Басты жекпе-жекте жеңіл салмақта WBC чемпионы Нордин Оубали (15-0, 11 КО) шаршы алаңға шығады. Бұл бокс кешін де MTK Global ұйымдастырады.