Кеше Австрияның Крейшберг қаласында фристайл мен сноудбордтан әлем чемпионаты басталды. Бұл додаға еліміздің спортшылары да аттанған-ды.
Крейшберг қаласындағы біріншілік кеше, яғни қаңтардың 14-күні басталып, 25-қаңтар күні мәресіне жетеді. Жарысқа 2014 жылғы Сочи Олимпиадасында ел намысын қорғаған спортшыларымыз да аттанды. Бірінші болып фристайлдың акробатика түрінен бақ сынаған Жанбота Алдабергенова іріктеу кезеңінен өте алмады. Нәтижесінде, 19 жастағы жас спортшымыз жарысты ерте аяқтады. Ол іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша 75,40 ұпай жинап, 20 спортшының ішінде 18-ші орын алды. Ал ережеге сәйкес, бірінші финалдық кезеңге 12 спортшы өтеді. Одан қалған 6 спортшы бүгін жүлделерді өзара сарапқа салатын болады.
Айта кетейік, Жанбота Алдабергенова Сочидегі қысқы Олимпиада ойындарында сәтті өнер көрсетіп, алғашқы алтылықты қорытындылаған болатын.
Крейшберг қаласындағы әлем чемпионатына могулшы Юлия Галышева да қатысады. Ол жарыс жолына 18-ші қаңтар күні шығатын болады.
Сурет: vesti.kz