Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы кезекті жеңісіне қол жеткізді. Техас штатындағы Фриско қаласында өткен бокс кешінде отандасымыз америкалық Стивен Мартинесті (18-4, 13 КО) жеңді.
Бірінші раундтан бастап-ақ қазақстандық боксшының басымдығы байқалды. Қарсыласын сәт сайын қыспаққа алып, шеберлігін байқата білді. Үшінші раундта Жәнібектің бүйірден ұрған соққысынан кейін Стивен Мартинес нокдаун алды. Төреші есеп ашып, 10 секунд ішінде есін жинауын күтті.
Жәнібек төртінші раундта тіпті еркін жұдырықтаса бастады. Жұдырықтасу тәсілін де өзгертіп, қарсыласын ашық шайқасқа шақырды. Шаршы алаңда ойқастап, шоу да көрсетті. Бесінші раундта қазақстандық боксшы шабуылын үдетіп, жеңіске бастар жолды тапты. Стивен Мартинестің бапкерлері ақ орамалды тастап, шәкірті жеңілгенін мойындады. Нәтижесінде отандасымыз техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Негізі жекпе-жек 8 раундқа жоспарланған болатын.
Жәнібек Әлімханұлы әйгілі Top Rank промоутерлік компаниясымен келісімшарт жасасқан тұңғыш қазақ. Әуесқой бокста ол Қазақстанның 9 дүркін чемпионы, Азия және Азия ойындарының жеңімпазы. 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында топ жарды. Олимпиада ойындарының қатысушысы.