Кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы келесі жекпе-жегін британиялық былғары қолғап шебері Лиам Уильямсқа қарсы өткізуі мүмкін. Бұл туралы Boxingnews24 басылымы жазды.
"Уильямс – WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы Деметриус Андраденің міндетті қарсыласы. Егер Лиам қандай да бір себеппен Андрадеге қарсы жекпе-жек өткізе алмаса, Әлімханұлымен жұдырықтасуына болады. Қазақстандық дарынды, боксшыға қажет шеберлігі бар, оған қоса британиялыққа қарағанда жас. Уильямс Әлімханұлыдан жеңіліп қалуы да мүмкін.
Уильямс өзі ойлағандай мықты болса6 Әлімханұлын жеңе алады. Өзге жағдайда Лиам Смитке екі мәрте есе жібергендей жеңіледі", - деп жазды Boxingnews24.
Жәнібек Әлімханұлы күні кеше аргентиналық Гонсало Кориаға қарсы жұдырықтасып, қарсыласын екінші раундта нокаутқа жіберді. Осылайша қазақстандық боксшы мансабындағы тоғызыншы жеңісіне жетті. Ал Лиам Уильямс Британия чемпионы титулын қорғаған жекпе-жекте отандасы Эндрю Робинсонды бірінші раундта сұлатып түсірді.
Айта кетейік, орта салмақта WBO чемпиондық белбеуі америкалық Деметриус Андрадеге тиесілі. Ол кейінгі үш жекпе-жегінде титулын сәтті қорғап қалды.