Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (2-0, 1 КО) АҚШ-тағы алғашқы жекпе-жегін 28 қыркүйек күні өткізеді. Қарсыласы әзірге анықталған жоқ.
25 жастағы отандасымыз Оклендтегі (Калифорния штаты, АҚШ) бокс кешінде шаршы алаңға шығады. Бұл – Жәнібектің Боб Арум басқаратын Top Rank промоутерлік компаниясы қатарына қосылғаннан кейінгі АҚШ-тағы алғашқы жекпе-жегі болмақ.
Қазақстандық боксшы алдағы жекпе-жегіне қызу дайындық жұмыстарын жасауда. Оны кезінде Майк Тайсонды жаттықтырушылардың бірі болған америкалық маман Бадди МакГрит дайындауда. Отандасымыз орта салмақта жұдырықтасады. Бұл салмақтағы үш бірдей (WBC, WBA (Super) және IBO) чемпиондық атақ Геннадий Головкиннің еншісінде.
Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокста екі жекпе-жек өткізіп үлгерді. 2016 жылдың қазан айында Алматыда өткен бокс кешінде колумбиялық Милтон Нуньесті бірінші раундта-ақ нокаутпен ұтты. Ал өткен жылы жартылай ауыр салмақта өткен жекпе-жекте бразилиялық боксшы Жильберто Перейраны жеңді.