Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы АҚШ-ғы алғашқы жекпе-жегінде колумбиялық боксшы Карлос Галванды жеңді.
Орта салмақтағы боксшылар жекпе-жегі Окленд (Калифорния штаты) қаласында өтті. Кездесу жоспарланған 6 раундқа созылып, төрешілер шешімі бойынша отандаасымыз айқын жеңіске жетті. Барлық төрешілер Жәнібек 60-54 есебімен жеңіске жеткенін хабарлады.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы әйгілі Top Rank промоутерлік компаниясымен келісімшарт жасасқан тұңғыш қазақ. Әуесқой бокста Жәнібек Қазақстанның 9 дүркін чемпионы, Азия және Азия ойындарының және Әлем чемпионы. Олимпиада ойындарының қатысушысы.
Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокста осыған дейін екі жекпе-жек өткізіп үлгерген-ді. 2016 жылдың қазан айында Алматыда өткен бокс кешінде колумбиялық Милтон Нуньесті бірінші раундта-ақ нокаутпен ұтты. Ал өткен жылы жартылай ауыр салмақта өткен жекпе-жекте бразилиялық боксшы Жильберто Перейраны жеңді.