Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанат Жақиянов Vesti.kz тілшісіне IBO тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуге қатысты мән-жайды айтып берді.
- Екі белбеу cарапқа салынатын болды. Біз басында WBA (Super) негізгі белбеуі үшін ғана жарнаны төледік. IBO белбеуі негізгілер қатарына жатпайтын, сондықтан біз ол үшін төлем жасамадық. Мұның бәрі жекпе-жекке дейін шешіліп қойған мәселе еді", - деді Жақиянов.
Бұл оқиға жайында Қазақстанның кәсіпқой бокс қауымдастығының президенті Виктор Демьяненко де пікір білдірген болатын.
- Жанат Жақиянов бұған дейін де EBU (Еуропа бокс одағы) тұжырымының чемпиондық атағынан бас тартқан болатын. Ол кезде оның менеджері Филлип Фондю қазақстандық боксшыға бұл атақтың маңызы жоқ екенін айтты. Жанатқа WBA тұжырымының чемпиондық белбеуі үшін өтетін жекпе-жек ұйымдастыру еді. Менің ойымша да қазір оған IBO-ның чемпиондық белбеуі қажет емес деп ойлаймын.
Бұл Жанат үшін дұрыс шешім. Өйткені, IBO чемпиондық белбеуінің иегері атану - артық шығын. Олар бұл үшін артық ақша шығындамай, белбеуді босата салуды жөн санады. IBO белбеуінен бас тартып, енді ол тек WBA чемпиондық белбеуін қорғауға ерекше назар аудармақ. Өкінетін ештеме болмады. Тек боксшы мен менеджер осындай жолды таңдап отыр, - деген-ді.
Айта кетейік, осыған дейін Жанат Жақияновтың IBO тұжырымы бойынша чемпиондық белбеуінен айырылғанын хабарлаған болатынбыз.