Кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген отандасымыз Жанат Жақиянов WBA International атағы үшін өткен жекпе-жекте аргентиналық боксшы Хэктор Роландо Гусманды айқын басымдылықпен жеңді.
Болгарияда өткен кездесу алты раундқа созылды. 31 жастағы жерлесіміз өзінен төрт жас кіші оңтүстік америкалық боксшыны кездесудің дәл орта тұсында нокаутқа жіберді. Сөйтіп, WBA International атағының иегері атанды.
Бұған дейін 24 кездесу өткізіп, оның 14-ін мерзімінен бұрын аяқтаған Роландо Гусман, осылайша алғаш рет жеңіліс тапты. Ал қазақстандық боксшы 24 кездесу өткізіп, оның біреуінде ғана жеңіліс тапқан, 17 кездесуін нокаутпен аяқтаған.
Жекпе-жекті «World Sport Promotions» және «Hatton Promotions» промоутерлік компаниялары ұйымдастырды.
Айта кетейік, Жанат Жақиянов EBU жүйесі бойынша жеңіл салмақтағы Еуропа чемпионы және «WBC Eurasia Pacific Boxing Council» белбеуінің иегері саналады. Сондай-ақ, WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағына үміткер боксшылардың арасында бірінші орынға ие. Қазақстандық боксшы ағылшындық «Hatton Promotions» промоутерлік компаниясымен бірге жұмыс жасап келеді. Компания иегері мен бапкер Рикки Хаттон жерлесіміздің осы уақытқа дейін өткізген кездесулердегі өнерін жоғары бағалауда. Танымал тұлғаның ойы еуропалық басылымдарда да жарияланды.