Кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген отандасымыз Жанат Жақияновтың қарсыласы алмасты. Осыған дейін аустралиялық Фред Мундрабимен жұдырықтасады деп күтілген жекпе-жек өтпейтін болды.
Жеңіл салмақта (53,5 келі) өнер көрсетіп жүрген Жанат Жақиянов 8 қараша күні Аустралияның Квинсленд қаласында филлиппиндік боксшы Роберто Лериомен шаршы алаңда жолығатын болды. 28 жастағы отандасымыздың қарсыласы қарымды деп айтуға келмейді. Осыған дейінгі өткізген 37 жекпе-жегінің 16-сында ғана жеңіске жетіп, 20-сында жеңіліс тапқан. Бір кездесуін тең аяқтаған. Ал 30 жастағы жерлесіміз болса кәсіпқой бокстағы 25-ші жекпе-жегін өткізеді. Осыған дейінгі 24 кездесуінің 23-інде жеңіске жеткен, 16-сын мезгілінен бұрын аяқтаған. Бір жұдырықтасуында жеңіліс тапқан.
Естеріңізге сала кетсек, 10 қыркүйек күні Жанат Жақиянов Минскіде грузин Гаги Эдишерашвилиге қарсы жекпе-жек өткізіп, бірінші раундта-ақ қарсыласын нокаутқа жіберген еді. EBU жүйесі бойынша жеңіл салмақтағы Еуропа чемпионы атағын қорғап қана қоймай, «WBC Eurasia Pacific Boxing Council» белбеуін де иеленген-ді.
Жанат Жақиянов ағылшындық «Hatton Promotions» промоутерлік компаниясымен бірге жұмыс жасап келеді. Компания иегері мен бапкер Рикки Хаттон жерлесіміздің осы уақытқа дейін өткізген кездесулердегі өнерін жоғары бағалауда. Танымал тұлғаның ойы еуропалық басылымдарда да жарияланды.
Сурет:hattonboxing.com