Қазақстандық балуан қыз Жәмила Бақбергенова әйелдер күресінен Азия чемпионы атанды. Осылайша екі дүркін чемпиондық атаққа қол жеткізді. Алғаш рет 2020 жылы Нью-Делиде топ жарған болатын. 2018 жылы - қола, 2021 жылы күміс еншілеген.
Ұлан-Батор боз кілемінде Жәмила 72 кило салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмеді. "Дөңгелек айналым" жүйесі бойынша өткен бәсекеде отандасымыз қарсыластарының бәрін жеңді. Атап айтқанда, ол Даваанасан Енхамар (Моңғолия), Светлана Окназарова (Өзбекстан), Никки Никки (Үндістан) мен Сумире Ниикура (Жапония) сынды мықты балуандардың жауырынын жерге тигізді. Нәтижесінде әйелдер күресінен Қазақстан құрамасының қоржынына екінші алтынды салды. Жарыстың алғашқы күнінде оның сыңары Мадина Бақбергенова 68 кило салмақта топ жарған болатын.
Күрес түрлерінен Азия чемпионаты Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда өтіп жатыр. Әйелдер күресінен кездесулер "дөңгелек айналым" жүйесі бойынша өтуде. Спортшылар өздерінің салмақ дәрежесінде барлық балуандармен әр айналымда белдесіп, жеңімпазды анықтайды. Жәмила аталған жүйе бойынша барлық қарсыласын бірдей жеңіп, уақытынан бұрын алтынға қол жеткізді.